Оразалы Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада Алматы облысы Райымбек ауданы (бұрынғы Нарынқол ауданы) Тегістік ауылында туған. Мектебін тәмамдаған соң, ауылдық Мәдениет үйінде жұмыс істеген. Оқушы кезінен айтыстар мен түрлі мәдени шараларға қатысып жүрген ол айрықша талантымен ерте көзге түсті. Кейін Алматыға келіп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетінде оқыды. Үлкен өнер ордасында жүріп, Оразалы республикалық айтыстарға қатысып, айтыссүйер қауымның жоғары бағасын алды. Біраз жыл Қазақ ұлттық университетінде мәдени-ағартушылық саласында еңбек ете жүріп, бірқатар ізбасар шәкірттерін тәрбиеледі. Ол негізінен еркін шығармашылықпен айналысқан. Ешқандай ресми атақсыз-ақ аз уақыт ішінде ол халықтың ақынына айналды. Ірі айтыстарда талай рет топ жарған Оразалы көршілес Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде өткен додаларда да орақ тілімен кесімді сөз айтып, қазақтың атын асқақтатты. Марқұмның денесі Алматы маңындағы Тұздыбастау қорымында жерленген.
Оразалыдай ақынға жар болған, қазіргі қазақ эстрадасының жұлдызына айнала бастаған әнші Ажар Түзелбекқызы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Тасты ауылында туған. Ауыл мектебін тәмамдаған соң, ол Алматыға келіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқыды. Ол аяулы жары Оразалы өмірден озғаннан кейін ақын мұрасын жинақтап, жоқтаушысы бола білді. «Анаға хат», «Сағындым сені» атты әндер арқылы есімі халыққа кең тараған әншіге топырақ туған ауылынан бұйырды. Бүгінде Оразалы мен Ажардың перзенттері – Нұрайша мен Нұрсұлтан Шымкент қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы колледж-лицейде білім алуда.
Өмірден ерте кеткен қос талантқа арналған кеште өнер жұлдыздары – «Қоңыр» тобы, «Жігіттер» тобы, Саят Медеуов, Ақбота Керімбекова, Жанболат-Жазира, Роза Әлқожа, Еркін Нұржанов, Алма Аманжолова, сондай-ақ айтыс ақындары – Ақмарал Ілеубаева, Айнұр Тұрсынбаева, Қайнар Алакөзов, Болатбек Оразбаев және Нұрсұлтан, Нұрайша Досбосыновтар қатысады. Кеш билеттерін Студенттер сарайы, Балуан Шолақ атындағы спорт кешені және «Заңғар» сауда орталығының кассаларынан сатып алуға болады.