«Нұра» стадионында өткен мерекелік шарада ауданымыздың ұлы тұлғалары есімі берілген алты қанат ақ ордалар тігілді. Солардың бірі - ақын, филология ғылымдарының кандидаты, жерлес ақынымыз Бүркіт Ысқақұлына берілді. Осыған орай Б.Ысқақұлы ат. Аудандық орталық кітапхана қызметкерлері мерекеге жиылған тұрғындарды Бүркіт Ысқақұлының өмірі және шығармашылығымен таныстырды.
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!
Елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мерекесі Отанымызға — береке, халқымызға — игілік, әрбір шаңыраққа бақыт пен шаттық әкелсін!
Бүркіт Ысқақұлы - Нұра ауданының Көкмөлдір ауылында 1924 жылы 4 – ші қарашада дүниеге келген. Оның оқуға зеректігі, сөз түсінер пайымы, өнерге деген ынтасы ерте аңғарылады.
Білімге деген құштарлығы арқасында ол 1940 жылы Қарағандының екі жылдық мұғалімдер институтына келіп оқуға түседі.
1942 жылы институтты бітіргеннен кейін әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Одан аман–есен оралғаннан кейін Бүркіт Ысқақұлы Қазақ университетінің тарих–филология факультетіне оқуға түсіп, сол жылы КСР Ғылым академиясының аспирантурасына түседі, «Қазақ балалар әдебиетінің даму жолдары» деген тақырыпта диссертация жазады.
Әдебиеттің түрлі жанрларында қалам тартып, жүрген талант иесін жұртшылық алдымен ақын ретінде таныды. Оның алғашқы шығарған «Ақын болғым келеді», «Ана туралы жыр» деген өлеңдері бірінші рет «Қарағанды комсомолы» газетінде жарияланды. Бүркіт Ысқақұлы Қарағанды облыстық газетіне әдеби қызметкер республикалық «Пионер», «Білім және еңбек» журналдарында бөлім меңгерушісі. «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы болып журналистік қызмет атқарды.
1951 жылы жаппай қудалау мен қуғын тұсында «Үкіметке қарсы үгіт таратып жүр» деген жаламен Бүркіт Ысқақұлы жазықсыз тұтқынға алынып, жиырма бес жылға бас бостандығынан айырылады.
Ақынның шығармалары негізінен 1938 жылдан бастап баспасөздерде жарық көре бастады. Ал оның тұңғыш өлеңдер жинағы «Сенің Отаның» деген атпен 1958 жылы баспадан басылып шықты. Қарғандылықтардың еңбектегі ерліктерін жырлайтын «Москваны тындаймын», «Жылдар жырлайды», «Шабыт шуағы», «Өлеңді жылдар», «Шындық дауысы» деген поэзиялық жинақтары жақсы бағаға ие болды. Сонымен бірге Бүркіт Ысқақов «Қазыналы Қарағанды», «Арқаның алып жүрегі», «Нұрлы Нұра бойында» көркем очерктердің авторы.
Ақын аудармашы ретінде де белгілі. Ол А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, В.В Маяковский, И. Франков, Назым Хикметтің, Самед Вургуннің, Сайфи Құдаштардың шығармаларын қазақ тіліне аударуға қатысты. Ал әдебиетті зерттеу саласында «Қазақ – театр әдеби байланысы» және «Қазақ – башқұрт әдебиет қатынастары тарихынан» тақырыптарында монографиялар жазды.
Бүркіт Ысқақовтың өлеңмен жазған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» деген аңызы бойынша 1966 жылы қазақтың тұңғыш мультфильмі жасалды. Фильм көрермендер тарапынан үлкен жоғары бағаға ие болып, аймақтық және басқа да байқауларда да жүлделі орындарды жеңіп алып бүкілодақтық экранға қабылданды. Ал 1975 жылы Американың Нью – Йорк қаласында өткен мультфильмдерің халықаралық фестивалында да бұл шығармаға сыйлық берілді.
Ақынның шығармалары тәрбиелік мәндеріне лайықты іріктеліп мектептердің оқулықтары мен балалар әдебиетінің хрестоматияларына беріліп келеді. Оларда тұрмыс – салт, ұлттық дәстүр, әдеп өлшемдері үлгілері қырынан айқын көрініп жүр.
Әдебиетші–ғалым ретінде бірнеше монграфиялық еңбектер жазды. «Қазақ әдебиетінің Жайық жағасында тұратын халықтар» творчествосымен рухани байланыстары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғауына санаулы күн қалғанда, 1991 жылы дүниеден өтті.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы посмотреть больше фото, видео и найти новых друзей.
Нет комментариев