Ерте күнде он екі баулы өзбекте Азымбай деген бай болады. Бұл өз маңайындағы өзбек, ноғайлының барлығына даңқы
шыққан салтанатты, абыройлы бай болған. Азымбайдың алты ұлы бар. Назым деген елден асқан сұлу қызы бар. Көп ел Назымға ынтық болады. Талай бай мен бағлан қызығып, алғысы келеді. Бірақ, байдың ерке қызы ешкімді тілемейді, ілтипат қылмайды, сөйтіп жүргенде қыз ержетеді, жар таңдайтын уақытқа толады. Сондықтан Азымбайдың атырабындағы елдің бәріне бір жерге жиылсын деп жарлық шашылады. Сол жиылған елдің ішінен кімді ұнатса, соған Назым тимекші болады. Барлық ел тайлы-таяғы қалмай айтқан күні уәделі жерге жиналады. Жас-кәрісі түгел болады. Жиылған жұрттың бәрі қыздың алдынан біртіндеп өтеді. Бірақ бірде-бірін қыз жақтырмайды.
Сол кезде Азымбайдың алпыс үйлі арун, тоқсан үйлі тобыр аз ғана руы бар екен, соның ішінде Атымбай деген кісінің қара қасқа атты Қамбар деген батыр баласы болады. Назым қыздың көңілі сонда екен. Елге жар шашып жиналсын деген қыз Қамбар батыр келетін шығар деп дәме қылып еді.
Бірақ, өзгенің бәрі келгенде, Қамбар батыр келмеді. Сүйген жігіті келмеген соң, қыз ешкімді ұнатпай, назалы болып үйіне қайтты. Бұл кезде Қамбар күндіз-түні аңшылықпен күн өткізіп, аз ғана ағайынның аш-арығын асырап жүруші еді. Қамбар тыным-тыныштық алмай, иен тау, елсіз жерде аң аулап жүргенде бар мақсаты кедей ағайындары ның қамын жеп, соларға болысу, жақсылық көрсету болатын.
Қыз Қамбарды кездестіргісі келіп ынтық болады. Батыр ескермей, елемей жүре береді. Бір күні Қамбар аңда жүргенде бір жолбарыс кез келеді. Жолбарыс батырға шабуға айналады. Батыр жолбарыспен құр қол алысып, мықтылығының арқасында жеңіп, өлтіріп алады. Сол жолбарыстың терісін өңгеріп алып, еліне қайтып келе жатады. Бұл уақытта Назым қыздың ауылы батыр келетін жолдың үстінде болады екен. Батыр күнде ауыл дың сыртымен өтіп кетіп жүреді екен. Ауылдың сырт жағы көл болушы еді. Назым қыз Қамбарды кездестірудің жөнін таба алмай қойған соң, бір күні ауылдың сыртына өрмек құрғызып, оның бір шетін көл жиегіне апарып қағып, бір шетін ауылының іргесіне әкеліп тіреп, Қамбар батырдың жолын бөгеп қояды.Қамбар жолбарысты алып келе жатып Азымбайдың ауылының сыртындағы өрмекке тіреледі. Өрмек басында отырған Назым қызға кездеседі. Қыз батырды жақсы көреді, ниетін айтады. Батыр ашып жауап айтпайды. Бірақ өз мойнындағы борышын білдіреді. Бұл кедей елдің баласы. Ағайын-туғанның бәрі аш-жалаңаш, соларға еңбек қылып, мал тауып, тамағын асырау керек. Ойын-сауық қол еместігін айтады. Осындай жайды әңгімелесіп тұрғанда қыздың ағалары, қарындасымен жігіттің сөйлесіп тұрғанына намыс қылып, қызғанып, жиылып келіп, ұрыс шығарады. Батырмен жауласып қалады. Бірақ, артынан жиылған ағайындары Қамбардай батырдың басын кемсіткен лайық емес, Назым қызды соған беру керек дейді. Осымен жүргенде өзбектің маңында қалған қалмақ бар екен, соның Қараман деген ханы Назым қыздың жайын естіп, қалың қолмен келіп елді қамап алып, қызын берсін деп Азымбайға елшілікке Кедей ұлы Келмембет деген адамын жібереді. Азымбайдың балалары бұл жұмысқа намыс қылып, Келмембеттің құлақ-мұрнын кесіп алады. Бірақ, бұны істесе де, қалмақтың қолынан ел қорқады. Жиылған көп жұрт ақылға салып, қалмақтың ханына қарсы шығуға Қамбар батырды шақырмақ болады. Елді жаудан құтқарып, Назым қызды ал деп тілек етеді. Қамбар көнеді. Қараманның қолына келеді. Қалмақтың ханы елшісін жаралағаны үшін Азымбайдың елін шаппақшы болып отыр екен.
Қамбар келіп сөйлескен соң, сөзге ерегесіп кетіп, сол арада жекпе-жек шығысады. Қамбар батыр Қараманды жеңіп, өлтіреді. Хан өлген соң, қалған қол Қамбарға қарсы шығып, соғыс жасайды. Қамбар бірнеше күн соғысып, барлық жауды қырып шығады. Өз елінен түгелімен алғыс алады. Оның үстіне Назым қызды неше күн ойын, неше күн тойын жасап, көп жасау қазынамен ырғап-жырғап, алып қайтады. Сөйтіп, алпыс үйлі арунның кедей-кепшігіне қайырым қылады.
“Қамбар батыр” әңгімесінің мәнісі
Біз ұлы батыр, кіші батыр мезгілдерін айтқан уақытта, кіші батырдың бір үлкен белгісі бұлар ұлы батырларша өзінің өмірі, жүріс, мақсатымен бүтін бір рудың өмірін білдірмейді.
Бұрынғы батырлар — бір рудың тіршілігін, бір рудың тұтасқан күшін білдіретін батырлар. Олар тұтасқан елдіктің үлгісін көрсетеді деп едік. Кіші батырларда тұтасқан күшті, ауданды, елдікті білдіре тін белгі аз. Бұлар не бір таптың, не бір кәсіптің батыры болып шығады. Бір елдің бүтін елдігін білдірудің орнына жартылаған елдік, жартылаған пішінді ғана көрсетеді. Ел ішінде бір тап, бір адамның, бір ортаның ғана батыры болады дегенбіз. Қамбар сол үлгінің батыры.
Қамбардың әңгімесінде жұрт аузы — кейде оны өзбек, кейде ноғайлы дейді. Бұл сөздерді әйтеуір қазақ емес екендігін білдіретін сөз деп алсақ, бұл батыр да ертерек мезгілдің адамы болады. Тарихи кезіне қарағанда, Қамбар ұлы батыр мен кіші батырдың ара жігіндегі жеке орында тұрған батырға ұқсайды.
Әңгімеде өзбек, ноғайлы бір тілекте, бір бетте болып, бұлардың жауы қалмақ болып шығады. Бұл ескі бірлік кездерін білдіргендей болып табылады.
Жалғыз осы белгісіне қарасақ, Қамбарды да бұрынғыша ұлы батырлардың ретіне қосуға болар еді. Бірақ Қамбарды біз олардың қатарына қоспаймыз. Себебі, Қамбар басында ноғайлы деп айтылса да, артынан әңгіменің ішінде ноғайлы өзбекпен тең, тұтас ел сияқтанбай, бай, жуан рудың жанында қоңсы болып, кішірейіп жүрген руды еске түсіргендей болады. Бұл ретте Азымбай бергі заманда қазақ ішінде жуан жерден шыққан бай сияқты да, Қамбар соның айналасында өз бетімен, өз басындық қана болып, күнелтіп жүрген кедей сияқты. Шынында, өзбек, ноғайлы жақын дос ел болғанын білсек те, олардың айырылысарда ықы ласпен айырылысқан
тату қарындас болғанын ел әңгімесінен білсек те, дәл мына Қамбар әңгімесіндей ноғайлының өзбекке қоңсы болып, оның Қамбар сияқты батыры өзбектің Азымбайдай байына қораш сияқты болған кездерін біз білмейміз. Сондықтан, менің ойымша, бұл әңгімедегі адамдардың бірін ноғайлы, бірін өзбек қылу, бұрынғы ескі әңгімелерден көшкен сыртқы бояу ғана секілденеді. Бұрынғы батырлар әңгімесінде батыр атымен бірге көп айтылып кететін ел аттары болған. “Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт”, “он екі баулы өзбек”, “қырық сан қырым” деген аттар сондайдың мысалы сияқтанады.
Мына Қамбар әңгімесінде, ноғайлы мен өзбек, бергі кездердегі айтушының қызулы жыр үстінде, жолшыбай іліп әкеткен сөзі болуға лайықты көрінеді. Сол ретпен ноғайлыны бұл әңгімеден шығарсақ, Қамбар өзбек ішінің батыры болуы керек. Бірақ соңғы XV ғасырдың орта кезіне шейін біз тарихта бүгінгі қазақ, өзбек деген елдің бір ғана өзбек бірлігі деген атпен келгенін көреміз. Сондықтан, бүгінгі Қамбар әңгімесі, қазақ аузында бұрынғы Алтын орда бірлігінің кезінен алып шыққан жүлде, сыбағаларындай, кейінгі өзбек бірлігінің кезінен қазақ елдігінің алып шыққан жаңа жолдасы болуға қисынады. Бұл халде Қамбарды кіші батыр десек те, мезгілі, не дәуірі ескі кезді еске түсіреді.
Енді Қамбардың ішкі әңгімесіне келейік. Бұл турада алдымен айтатын сөз Қамбардың батырлық алу аты туралы.
Қамбардың басында біз бұрынғы батырлардан заңы, салты бөлек кәсіп иесі, еңбекшіл батырды көреміз. Бұрынғы батырлық мынамен салыстырғанда серілік, еркелікпен сайрандаған көзге түсер батырлық болса, мынау қоңыр, момын жүріс сияқты, көптің көзін де, көңілін де тартарлық қызыл-жасыл жарқылдағы жоқ, қоңырша салт сияқты. Бірақ бұдан да батырдың маңындағы ағайын ауқымға пайда тигізетін болыстығы, достығы мол болатын, ауданының тілеуіне біткен көпшіл мінез кеткен жоқ, жоғалған жоқ. Сондықтан Қамбар аңшы болса, кедей ағайын, әлсіз руының қамы үшін, соның жетпегенін жеткізіп, аш-арығын асырау үшін шыққан аңшы батыр болады. Аңшылық жолы Қамбардың серілік пен молдықты, атақты іздеген жол емес, өзінше игілікке, жақсылыққа берілген жол. Қауымның қызметкері, қанат-құйрығы. Үміт қылатын жол. Қазақ батырларының әңгімелерінде аңшылықтың өзі де көп жайылған үлкен бір салт болады.
Біздің батырлардың бір алуаны — аңшыдан шыққан батырлар.
Бұның мысалдары, әсіресе ертегілерде көп. Кәсіп иесі аңшы батыр. Мал бағушы, бақташы Қодар батыр сияқты, біздің батырлардың ол да бір бөлек типі болады.
Аңшы батырлар қазақта жалғыз бергі заманда шыққан емес, бұлар алыстағы ескі заманның қалдығы сияқты.
Кейде долбарға қарағанда, біздің ертегілерде екі жердің бірінде кез келетін тас ты, таулы, орманды жерде кездесетін, адам келбетінен келбеті бөлек жалмауыздар, осы аңшы батырлардың көтеріп, ұлғайтып көрсеткен суреті болуға да ықтимал болар. Елсіз, күнсіз жапан түзде, албыр-салбыр болып, аң терісін жырып-тесіп, киіп жүрген жалғыз аңшы жалғыз-жарым жолаушыға жасырын сырлы бір зат болып көрінуі ғажап емес. Сондықтан, жалмауыздың пішіні аңшыдан шықты деген долбар, тіпті лағып кеткен сөз болмасқа тиіс.
Қамбар сол тараудың үлгісі, сол алуанды батырлардың кіндігінен тарайды. Бұның, бірінші, ел алдында өзіне алған міндеті бар. Солардың аш-арығын асырауына керек. Екінші, Назым қыздың назына бұрылып ұйыса алмайтын мінезі де сол жайын — аңшы адам қауымын жатырқап кеткен тағылау мінезді білдіргендей болады.
Қамбар батыр әңгімесінің кейбір уақиғаларын ескі әңгіменің түріне ұқсатсақ, кейбір кездері бергі заманға көп жыл-жытып әкеп тастап отырады.
Жоғарыда айтқан аңшылық Қамбар әңгімесінің ескілікті, жаңалықты боларлық мезгілін көрсетпейді. Ол есте болу керек. Жаңа заманға Қамбар уақиғасын жақындататын бір уақиға әңгіменің нағыз түйіні, болған жері — қалмақ ханының Назым қызды тартып аламын деп келгені болады. Міне, бұл уақиға Қамбар әңгімесінің ең үлкен негізі.
Қамбардың батырлығы да, елдің батырды қадірлейтін кезі де осы халдің үстінде білінеді. Біз осы уақиғаның өзін алып қарасақ, бұрынғы замандағы қалмақпен, я басқа жаумен соғысатын соғыс, ұрыс, қағыс ешбір уақытта бір қызды аламын деген әңгімеден тумайтын. Бұрынғы жаулықтар бәс таласқан, тең түскен, шабысқан, егес қылысқан ойранды уақиғалармен, тарихи толқындармен қанаттасып кететін.
Мынадағы ұрыс, жанжал олардан көп ұсақтап, көп азып кеткен кезді білдіреді. Қазіргі тартыс бір-ақ қыздың бір ханның алмақ мақсатынан шығады. Бұл бұрынғы заманда ел шабысып, егес боларлық іс емес, бұдан басқа да ірі істер жеткілікті болатын. Сондықтан бұл әңгіменің тізілуі берірек заманда болғандығын білдіреді.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Комментарии 1