Ойсыл қара Иеменде Қаран деген жерде дүниеге келіпті. Өмірінде Мұхамбет пайғамбардың атын естіп бір көруге зар болады. Бірақ қарт шешесіне қарайлап, пайғамбарға бара алмапты. Бір күні шешесінен рұқсат сұрап, жолға шығады. Шешесі:
– Сен кетіп қалсаң менің жайым не болады? Пайғамбардың үйіне бар да, ешқайда бұрылмай кері қайт, – дейді. Ойсыл қара мақұл деп, Меккеге жол тартады.
Пайғамбардың құтты шаңырағына келсе, оның өзі жоқ, Айша анамыз ғана отыр екен. Пайғамбар көрші үйде сахабаларымен сұхбат құрып отырады. Ойсыл қара сәл кідіріп пайғамбарды күтеді. Айша анамыз:
– Әз пайғамбар Әлидің үйінде қонақта. Сонда барыңыз, – дейді. Ойсыл қара:
– Үйде қарт анам бар еді. Оған «тек пайғамбардың үйіне барамын. Өзге жерге қарайламаймын» деп уәде беріп едім. Уәденің үдесінен шыға алмаймын, – деп кейін қайтқан екен.
Пайғамбар үйіне келгенде, Ойсыл қараның келіп кеткенін естиді. Бұрыннан Ойсылдың атына қанық екен. Көре алмағанына өкініпті. Ойсыл Қара да өзегі өртеніп, өкініштен қан жұтып, Иеменге қайтқан екен.
Сол жолы «пайғамбарға сыйым» деп жүз мың түйе айдапты. Түйелері бүкіл Меккені басыпты. Сахабалардың жесе еті, ішсе сусыны, мінсе көлігі, кисе киіміне айналып, ырыс-берекесін молайтқан екен. Пайғамбар Ойсылға риза болып «Түйенің атасы» деп атапты. Осыдан бастап ол ел арасында «түйенің атасы», «түйенің пірі» деген атауға ие болыпты.
Пайғамбар дүниеден өтерінде үстіндегі жалғыз шапанын Әубәкір мен Әлиге аманаттап:
– Менің шапанымды түйенің атасына апарыңдар. Иығына жабыңдар. Көрісуді Құдай жазбапты. Қарт шешесін бағып, маған келе алмады. Анасын баққан адам менің ең жақсы көретін үмбетім. Рухымыз көкте, пейіште жолығар, – дейді. Әубәкір мен Әли пайғамбардың аманатын Ойсыл қараға жеткізген екен.
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Комментарии 3