( Әңгіме)
Таңғы күн шұғыласы Алатаудың қарлы шыңдарынан асып жайлауға түскенде еріксіз көз тартар табиғат сұлулығы ерекше ажарланып кетеді. Қатар тігілген боз үйлердегі күнделікті тіршілік қозы-лақтың маңырағаны, сиырдың мөңірегені, жылқылардың кісінегенімен басталады. Сол боз үйлердің бірінде ақ жаулығын артқа тастап қойып,зырылдаған сүт мәшинесімен сүт тартқан Алима, төрде ұйықтап жатқан жеті жастағы Гүлжанға күлімсіреп, елжірей қарады. Құрман боз үйдің есігін түре кіріп ,қолындағы қамшы, жүгенін керегеге ілді де, ұйықтап жатқан қызына бір қарап Алимаға бұрылып:
- Бұл әлі ұйықтап жатыр ма? Күн сәске болды ғой.
- Ия қатты ұйықтап жатыр. Кешке ұзақ ойнап шаршаған да
Екеуі бір-біріне күле қарасты.
Осы сәтте түу алыстан құрбыларының " Гүл- жа-ан"- деп шақырып жатқан дауыстары шықты. Құрман сыртқа шығып, дауыс шыққан жаққа көз тастады да, қайта кірді де:-
Арғы беттегі Жіңішке-судың қыздары екен. Тік-Бетке барып ышқын теріп келеміз деп Гүлжанды шақырып жатыр- деді.
- Ой, бұл кішкентай ғой,әлі. Оның үстіне қызыңыз шоқтай жанып тұрған кезі. Үлкен қыздарға қосылып бармай-ақ қойсын, оның үстіне Тік-Бет те алыс.
- Онда, бармайды деп айтып қояйын - деп, Құрман үйден шыққалы жатқанда көзін уқалап Гүлжан да тұрып келе жатты.
- Мен барамын. Кеше барам деп айтып қойған ем. Мен кішкентай емеспін ғой. Бойым да өсіп қалды.
Құрман қызының шашынан сипалап,маңдайынан өпті де:
-Әлбетте, қызым , сен үлкейіп қалдың. Бірақ,олар сеннен жасы үлкен қыздар ғой.
Олар шыққан жерге сен шыға алмайсың - деді.
Алима да Құрманның сөзін қоштап:- Гүкітай, сен әлі тамақ та ішкен жоқсың - деді.
Гүлжан апасына қарап:- Апа, менің қарным тоқ. Кеше салып алған заттарым бар, қарным ашса осыдан алып жеймін - деп, төрдегі ағаш жүк аяқтың астынан сөмкесін алып шықты. Ішінде өзі су таситын бір литрлік ақ канистрге қымыз құйып алыпты. Құрман мырс ете күліп, Гүлжанның сөмкесінің ішіне қарап, Алимаға:-
- Сөмкесіне тәттілерден салып бер. Қызың желігіп тұр ғой. Қыздардан қала берсе кешке көңілі жарым болып қалады- деді.
- Сол қыздарға жете ала ма,өзі? Қымыздықты не етпексің! Атаң да алып келіп жатқан жоқ па!?
- Әлі бала ғой, ойнағысы келіп жүрген болар, бара берсін, бір аздан соң мен де артынан барамын.
- Ура-а-а, ура-а мен барамын . Бер-ме-е-ет, Со-нун-бү-ү-ү, тоқтаңдар, мен бара жатырмын- қуанған Гүлжан сөмкесін қолына алып қыздардың артынан дедектеп жүгіре жөнелді. -
- Шұнақ қыз, беті-қолын жуып та үлгермей, аш қарын кетті. Бір нәрсе жұтып алса болар еді ғой - деп Алима артынан сөйлеп қала берді.
Тік - Бет жайлаудың арғы бетінде жарқабақ араласқан жасыл тік бет. Жарқабақтарға ешкі,лақтар оттап, жусап жатады. Лақтар тастан- тасқа секіріп ойнап жүреді. Он шақты қыз сол жақты бетке алып бара жатыр. Әр түрлі жастағы қыздар. Гүлжан олардың ең кішкентайы. Жалғыз аяқ жолмен Тік-Беттің ортасына таман келгенде қыздар қымыздық теруге кірісті. Гүлжан бір қымыздықты тауып,оны қолтығына қысып отырып , екінші қымыздықты іздеп жүргенде қыздардан алыстап кетті. Бір мезгілде жарқабақтың ең төбесінде өскен, көз жауын алып жайнап тұрған сия гүлдерді көріп, сол жаққа жөнеді. Бірақ, баратын жол ескі,тар, асты-үсті тас болғандықтан үлкен қыздар өте алмайды екен. Кішкене қыздар әупірімдеп қана жүріп айналып ,өрмелеп өтетіндей жер бар. Гүлжан жан-жағына қарап, қыздардан алыстап кеткенін түсінді де, сөмкесі мен жинаған бес-алты қымыздығын жар шетіне қойып , сия гүл жаққа өрмелеп жылжи берді. Жарқабақтың астына да ,үстіне де қарамады. Өйткені ,оның ойының бәрі жайқала өскен сия гүлдерге ауған еді. Сөйтіп, отыз метрдей көтерілген соң жұрт орнындай жап-жасыл алаңқайға тап болды. Тізелері шаң, қолдары жырым-жырым болғанына қарамай гүлдерді көріп қуанып, қолын шапалақтап қуана жинауға кірісті. Гүлді теріп болғанша бір шама уақыт өтті. Қыздар Тік-Беттің теріскей бетінде жүргендіктен күн күнгей бетке ауып кеткен еді. Кеш болып барады деп ойлаған қыздар Гүлжанды таппай артқа қайтты. Күннің батып бара жатқанын көрген Гүлжан сонда ғана қорқып,жан-жағына жалтақтап өзінің шыққан жерінен түсу мүмкін емес екенін түсінді.Айналаға кеш түсіп келе жатқанын да сезді. Асты-үсті жалаң тастар қорқынышты, ашулана азу тісін қайраған жалмауыздай көрінді. Қай жаққа қарасаң да әр түрлі сол елестер қайталанып көріне берді. Терген бір құшақ гүлін құшақтап:- Ата, Атааа,- деп айғайды салды.
Сол уақытта Құрман қызының кешіккеніне көңілі байыз таппай атымен сол жаққа бара жатқан. Қызының үнін зорға есітті. Атын тебініп Тік-Бетке шықты. Міне, қызының дауысы шыққан жаққа келе жатыр. Қызым қорқып қалмасын деген оймен бұл да анда-санда дауыс шығарып қояды.
-Гүкітай қызым, мен келдім. Қайдасың?
Жарқабақтың арасынан қызы көрінуі керек еді. Анда-санда ғана дауысы шыққаны болмаса өзі жоқ. Атын тоқтатқан Құрман демін ішіне жұта тың тыңдап көрді. Қарсы алдындағы жардан Гүлжан көрінді.
- Ой, қызым,саған ол жақта не бар еді? Ол-ешкілердің жайылатын жері ғой!- деп ,сөйлей атынан түсіп сол жаққа қарай жүрді. Гүлжанды ия өр жағынан, ия болмаса, ылди жағынан ала алмайды. Өзі де бара алмайды екен. Бірақ , уақытты ұттырмай тез шешім қабылдап, қимылдау керек. Тәуекелге салып атын арқандап жүрген қыл шылбыр мен аттың нотасын алып, жардың үстіне шықты. Гүлжан тұрған жердің үстінде тағы бір жарқабақ бар, оған бір адым басса болады. Шылбырды қазық бас салып , ноқтаны шылбырға июмыұтап байлап қызына тастады.
- Гүлжан, мені тыңдап ал. Мына ноқтаға екі аяғыңды сал. Қыл шылбырды беліңе байлап ал. Өзің екі қолдап шылбырдан ұста, мен тартып алам қызым, қорықпа. Төменге қараушы болма, жарай ма?
Кішкене күнінен жайлаудың сырын білетін Құрман, осы құлама жарға қыздар шығып кетпесе болар еді деп қауіптенген еді. Өзі күмәнданғандай сол жерге қызының шығып алғанына қарасайшы. Не де болса аман-есен шығарып алсам екен деп, жерге бауырлай жатып, аунап түсіп қалмайтындай болып жайғасты да,қызын жоғары қарай тартып жатты. Биіктігі он метрдей тас созылып кеткен секілді. Шылбыр тасқа үйкеліп, үзіліп кетпесе екен деген ойдан бетін қара тер басып кетті. Өзінің тұрған жері де кең емес. Жаңсақ жасалған бір қимылдан қыз жаққа қарай ұшып кету қаупі де бар еді. Міне,міне жақын қалды. Бес , төрт, үш, екі, бір метр... Бір метрдей жер қалғандағы уақыт та өтпей қалғандай еді. Құрманның бір қолы Гүлжанның білегіне жабысып, екінші қолы қыздың көкірегінен шеңгелдей ұстап өзіне тартып алды да бауырына басты. Денесінің терлемеген жері жоқ. Артық сөзі жоқ тентек қызын бауырына басып, үнсіз жата берді. Қызын тартып алуға кеткен бес минут уақытта көзіне не елестеп, ойына не ой келіп - кетпеді!? Шылбыр үзіліп кетсе қызы тасқа бір тиіп одан доптай ұшып , отыз метр тереңдікте үйдей болып үйіліп жатқан тасқа түссе сау қала ма? Құдай өзі сақтады. Құрман абайлап орнынан тұрып, қызын көтеріп кең жолға шығып, атына ноқтасын салды. Дыбысын шығармай тек мұрнымен ғана демалып тұрған Гүлжан камзолының ішінен бір тұтам сия гүлін алып шығып атасына ұсынды да:- Ата, атооу,жаңағы жіп қиып кетіпті - деді .
Құрман мырс етіп күліп жіберді де,қызының гүлін алып рахаттана иіскеді. " Атаның көңілі балада, баланың көңілі далада" -деген осы екен да.
Автору; КУНДУЗБҮ
МАМАТОВА КУКУ
Қазақ тіліне аударған;
МҰХТАР ҚҰДАБАЕВ
Присоединяйтесь к ОК, чтобы подписаться на группу и комментировать публикации.
Нет комментариев